XXI ғасырдың бас қаласы. Ақмолаға баянды Бас жоба, қайталанбас сәулет қажет

Болашақ астанамыз — Акмола қаласында маусымның 13-14 аралығында өткен Сәулетшілердің халықаралық конференциясында айтылған ой-пікірлердің негізгі арқауы осы мәселе болды. Мемлекет астанасын бір қаладан екінші қалаға көшірудің терең саясатқа, ел экономикасының дамуына негізделетіндігі айқын. Байыптап қарасақ, мұның мәні тереңде жатыр. Мұндай жағдай бір кездері Ресей, Туркия, Бразилия сияқты мемлекеттерде де болды. Енді міне, тәуелсіз Қазақстан еліміздің астанасын Алматыдан Сарыарқаның кіндігіндегі Ақмолаға қоныс аударғалы отыр.


Үстіміздегі жылдың қазан айының 10-жұлдызында Республика Үкіметі Ақмолаға қоныс теппек. Уақыт тығыз. Ал дайындық қалай? Жаңа астана құрылысы, оның Бас жобасы не күйде? Сәулетшілердің халықаралық конференциясында осы және басқа да мәселелер жөнінде ой қозғалып, пікір алмасылды.
Бірден айта кетелік болашақ астананың — Бас жобасы әлі дүниеге келген жоқ. Дегенмен, Ақмола қаласында Президент резиденциясы, Укімет Үйі, Парламент ғимараты сияқты және министрліктер мен ведомстволар ғимараттары бой көтере бастады. Олардың, бәрі Бас жобаға сәйкестендірілмек.
Конференцияда баяндама жасаған Қазақстан Республикасы Сәулетшілер одағының президенті, Бас жобаның бас сәулетшісі Қ.Ж. Монтахаев Бас жобаның жасалу жағдайына жан-жақты тоқталды. Ақмола қаласының бір кездері Тың өлкесінің орталығы болғандығы белгілі. Сол кезде қаламызды көркейтуге Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласының сәулетшілерінің де белсене ат салысқаның білеміз. Назар аударатын бір жағдай, сол уақытта да астананың Ақмолаға ауыстыру тұргысында сөз қозғалғандығы да жасырын емес. Сол ойдың іске асатын шағы енді келді.
Конференцияға қатысып отырған Халықаралық сәулетшілер одағының, вице-президенті Моше Зархи мырза астананы бір қаладан екінші бір қалаға көшірудің қаншалықты күрделі, қаншалықты ауқымды жұмыс екендігіне бас назар аударады. Ол өз сөзінде Тунис мемлекетінің де астана көшіру мәселесін қолға алғандығын айтты. Осыған орай тәжірибелі сәулетші, білгір маман ретінде астананың қайталанбас, бейне, өзіндік ерекшелікке ие болуы үшін егжей-тегжейлі зерттеудің, терең ойдың қажет екендігін айта келіп, Халықаралық сәулетшілер одағының қолдан келген көмектерін көрсететіндігін мәлімдеді.
Бүгінгі күні сәулетшілерді толғандырып отырған өзекті мәселе — болашақ астаның Бас жобасының даму кезенінің жағдайы. Екі жылдан бері жаңа астана құрылысы, оның қайта жабдықталуы Бас жобасыз жүргізіліп келеді. Әрине, Бас жобаны күтіп отыратын уақыт жоқ. Дегенмен, бұл ауқымды да, күрделі шаруаны «ұзын арқан, кең тұсауға» салу да істі алға бастырмайды. Сонда Бас жоба қандай болу керек? Ақмола – Нью-Йорк те, Анкара да, Мәскеу де емес. Ол — Ақмола. Сондықтан да ол тек жаңа астана. Ақмолаға ұқсауы керек. Оның өзіндік бетбейнесі, қайталанбас реңі болуға тиісті. Міне, осы тұрғыда сәулетшілердің салиқалы ойлары мен ерекше таланттары қажет-ақ. Ұсыныс көп, пікір мол. Ал оларды қалай іске асырамыз? Жаңа астананың Бас жобасын жасау — жаңа ғимараттың, тіпті жаңа қаланың Бас жобасын жасау емес. Бұл — өте сирек кездесетін, өте жауапты, XXI ғасырдың астанасына лайық астананың Бас жобасы. Айтылар ойлар да, ұсыныстар да осыған тоғысуы қажет. Сонда ғана нәтиже ойдағыдай болады.
Сәулетшілердің басым көпшілігі Ақмола қаласы орналасқан жердің жер асты суларының өте жақын орналасқандығын, Есіл өзенінің сол жақ жағалауының ернеуінен асуының жиі кездесетіндігін, желдің жиі болатындығын ескеру қажеттілігіне назар аударды. Сол сияқты су тапшылығы, қалаға жылу берудің, талап деңгейіне сай еместігі де әңгімеге арқау болды. Дегенмен мұның бәрі басты мәселе емес. Ондай проблемалар көптеген қалаларда кездеседі. Ең басты проблема, ең басты ой-болашақ астананың қалай орналасуы мен оның қандай кейіпте болуы. Бүгінгі күні Бас жоба тұрғысында зерттеу жұмыстары аяқталды. Ендігі мәселе ұсынылып отырған жобаларды бір арнаға тоғыстырып, Бас жобаның ажарын айқындау. Бас жоба астананың болашағын айқындайтының ескерсек, 20-30 жыл алға қарай ойлануымыз қажет. Бүгінгі ұсыныстардың XXI ғасырда мүлдем жарамсыз болып қалуын да ескерген абзал. Бас жобаны жасауға ат салысып, ортырған 15 жобалау институты, құрылыстарды қолға алуға құлшынып отырған әлемге әйгілі фирмалар іске кірісті.
Бас жоба жасалғанда алдымен қаланың орталығы, сонан соң қаланың өзі, кейіннен қала аумағының бейнесі айқындалу қажет.
Конференцияда сәулетшілер назарына ұсынылған Бас жобаның алғашқы реңдері біраз пікір-талас тудырды. Алматылық сәулетші С.Жүнісов Бас жобаны үш сатыға, атап айтқанда 2-3 жылға арналған жедел жоба, 7-8 жылға арналған жоба және 20-30 жылға шақталған нақты жоба деп бөлуді ұсынса, сәулетші Н.Аужанов қала құрылысын жүргізгенде Алматыда орын алған қателіктерді қайталамауға баса назар аударуды ұсынды. Әсіресе, Есіл өзенінің үлкен байлық екендігін назардан тыс қалдырмау қажеттігін айтты. Егер судың табиғи қозғалысына нұқсан келтірсек, Есіл өзенінен айырылып қалуымыз мүмкін. Сол сияқты көпшілігіміз жабыла жамандайтын батпақтың да пайдасы бар екендігі, оны құрылысқа кедергі деп, табиғаттан бөле-жара қарауға болмайтындығы туралы айтуы көпшілікке ой тастағандай болды. Әрине, Есіл Ертіс емес. Дегенмен, қала үшін Есіл өзені ең басты байлық екендігін ұмытпайық. Есілдің сол жақ жағалауына құрылыс жүргізгенде, осы ескерілуге тиіс.
Ресейдің Санкт-Петербург қаласының келген сәулетші С.Д.Митягин астана құрылысын жүргізгенде оның өзін-өзі қаржыландырып, өзін-өзі ақтау мүмкіндігін де назардан тыс қалдырмау туралы ой тастады. Оның Кеңес үкіметі кезіңдегі архитектураның бүгінгі күн талаптарына мүлдемсай еместігін, бірақ батысқа еліктейміз деп, өз ерекшелігімізді ұмытпайық деген пікірі де қолдау тапты.
Конференцияда шетелдік әйгілі фирмалардың құрылысқа қажетті материалдардың үлгісі, түрлі ғимараттардың жобалары, қазақстандық сәулетшілердің ерекше туындылары көрсетіліп, жиналғандар назарына ұсынылды. Бір қарағанда ол жобалардың бәрі де бірінен-бірі өтеді. Бірақ, солардың ішінен қазаққа тән леп, өзіндік рең байқалмайды. Әсіресе, қарағандылық сәулетші С.Мордвиновтың жаңа астана деген сөздің мәніне неғұрлым терең үңіліп, қазақтың ұлттық ерекшелігіне баса назар аудару қажеттілігі туралы ой тастауы сәулетшілер назарын аударды. Өкінішке орай, әзірге бұл ой тек ұсыныс күйінде ғана қалып отыр. Мәселен, Жапонияның ешбір қаласын европалық емесе америкалық қаламен шатастыру мүмкін емес. Ал Қазақстандағы қалалардың бәрі де социализмнің сарынан айрылмаған. Енді осы мәселені ойлайтын кез келген сияқты.
Конференцияда сәулетшілердің басым көпшілігі астананың Бас жобасын жасауда негізгі жұмыс қазақстандық сәулетшілердің еншісінде болу керектігіне баса назар аударды. Әрине, бүгінгі күні шетелдік инвестицияларға мойын бұру бірден-бір жол болып отыр. Бірақ, жобаларды тек жоба күйінде шетелдіктерге беріп қойып қарап отыру дұрыс емес. Бұл тұрғыда Алматы қаласындағы «Рахат-Палас», «Анкара» мейманханаларын сынға алған Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі С.Юсуповтың пікірі де сәулетшілер тарапынан қолдау тапты. Өткеніміз бен болашағымызды ұштастыра отырып, астанамыздың кейпінде ұлттық ерекшеліктің де, XXI ғасыр астанасына лайық әрінің де қабысып жатуына қол жеткізсек қана болашақ ұрпақ алдыңда ұялмайтын боламыз деген пікірімен келіспеске болмайды. Инвестиция қажет, бірақ елдің, жердің, астананың иесі бізбіз. Міне басты қағида осы.
Конференцияға қатысып, сөз алған Туркияның қала құрылысы жөніндегі кеңесшісі Бихус Чинжи мырза ел астанасын Стамбулдан Анкараға көшіру кезінде кездескен проблемалар, түрлі қиындықтар жайында айта отырып, өз пікірін білдірді. Осман империясы ыдыраған соң Туркия елінің астанасын Анкара қаласына көшірудің қаншалықты қиын болса да, саяси-экономикалық тұрғыда өте маңызды шаруа болғандығы ақиқат.
Ол кезде бізде астана көшірудің бас архитекторы – Ата Түрік болса, сіздерде, яғни Қазақстанда — Нұрсұлтан Назарбаев. Өте сирек кездесетін бұл тарихи өзгерісті жоғары деңгейде іске асыру қажет, — деуі көп ой тастайды.
Сонымен, Сәулетшілердің халықаралық конференциясында қандай ой түйілді? Ең бастысы — сәулетшілер бас қосып, болашақ астананың Бас жобасының жасалу барысы жайында пікір алмасып, ой бөлісті. Шындығында да, көп жағдайда астананы көшірудің саяси-экономикалық мәніне, өте күрделі де, ауқымды шара, екендігіне терең бойлау кем соғып жатқан сияқты. «Шешім қабылданды, енді бәрі орнына келеді», — деуге әсте болмайды. Ақмола өзгереді, астана салынады. Оған күмән жоқ. Ал ол қандай болады? Ерешелігі неде, әсемдігі қандай? XXI ғасырдың астанасы атына лайық бола ма? Міне, гәп қайда? Ақмолада Тянь-Шань, тіпті Алатау да жоқ. Бірақ Есіл өзені бар. Арқаның, кең даласы бар. Парижді Сена қалай көркейтіп, әсемдігіне астасып жатса, Есіл де Ақмолаға әр бере алады.
Конференцияға қатысушылардың бір жерден шыкқан ойларына жүгінсек Ақмоланың әлі талайларды тамсандыратыны сөзсіз. Тек оған уақыт, терең ой, қажырлы еңбек, іскерлік, білгірлік, ең бастысы — ынта, жігер қажет. Мұның бәрі бізде жеткілікті. Яғни, Ақмола XXI ғасырдың астанасы болады.

Талғат Қасен – Арқа ажары – 19 бет 19 маусым 1997 ж.
Жаңа астанаға – өзіндік бет-бейне

Предыдущая запись Разработка нового генерального плана строительства города Акмолы
Следующая запись Ару Астана абаттана түседі. Бас қаланың болашағы қандай?

Ваш комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.